
Іс-шарада сөз сөйлеген Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Жүнісбекова 2017 жылғы бағалау қорытындысы бойынша Қазақстан 137 елдің ішінде 57-орыннан табылғанын мәлімдеді. Вице-министр биыл еліміз 12 сатыға көтеріліп, 45-орыннан көрінуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Жалпы, Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексін көтеру – Үкіметтің экономикалық саясатының басым бағытының бірі. Оны арттыру үшін Үкімет бизнес қоғамдастықпен ауқымды жұмыс істеп келеді.
«Соңғы жылдарда біздің тарапымыздан мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларына кеңінен тексеру жүргізіліп, оның барысында бизнеске әкімшілік кедергілер мен реттеушілік жүктемелер саны едәуір азайтылды. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрлан-
дыру жүзеге асырылды», деді М.Жүнісбекова.
Вице-министрдің айтуынша, жеке секторда корпоративтік басқару қағидалары енгізіледі және бақылаушы органдардың тәуекелдерді басқару жүйесіне бекітілген корпоративтік басқару рейтингі жасалады.
Биыл республикалық маңыздағы 4,2 шақырымдық автожол салу және 2 мың шақырымдық жолды жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ жергілікті жолдар да назардан тыс қалмайды. Жыл сайын осындай 5 мың шақырым жол жөнделіп отырмақ. Бизнес жүргізуге қажетті мемлекеттік қызмет көрсету «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынылады.
Сонымен қатар биыл жаңа Салық кодексі қабылданды. Оның мақсаты – салықтың әкімшілендіру рәсімдерін жеңілдету. 2017 жылы макроэкономикалық
ахуал жақсарды. Орташа жылдық инфляция 7,1 процентке дейін төмендеді. Бюджет тапшылығы да айтарлықтай азайған.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»